Жұмыс уақыты: 9:00-18:00 ДС-ЖМ

250 жылдай уақыт өткен моланы іздеп табу, әрине, оңайға түскен жоқ

250 жылдай уақыт өткен моланы іздеп табу, әрине, оңайға түскен жоқ. Себебі бір кездері тарихи жазбаларда сипатталған жерлер одан бері қаншама өзгеріске түскен. Мәселен, белгілі тарихшы Крафт 1898 жылғы өз жазбасында хан моласының басында жалғыз қайың өсіп тұрғанын айтқан. Алайда бүгінде ол жоқ. Екіншіден, ол кез елсіз болғанымен, бүгінде сол қорым кеңейіп, 942-ден аса қабір түскен. Соның қайсысы деген дағдарыс туары сөзсіз. Ғалымдар қорым топырағынан, ағашының тамырынан ең көне деген тұсы - солтүстік жағын тауып, Новосібір ғалымдарының көмегімен магнитометр, георадар сынды құралдар арқылы, Венгрия мамандарының мықты жасақталған лабораториясындағы тәжірибелі мамандар арқылы, сондай-ақ Әбіш Кекілбай ағамыз бастаған экспедиция құрамында болған Аманжол Алдашев, сол тұста 20 жастағы жігіт, тракторшы Қаныбек Жанаев т.б. 20 шақты ақпарат беруші азаматтың жол нұсқауымен дәлірек ізге түскен.

Нәтижесінде Будапешт қаласында орналасқан Венгр ұлттық жаратылыстану ғылымы мұражайында доктор Андраш Бироның жетекшілігімен жоғарыда аталған сүйек қалдықтарына жалпы антропологиялық зерттеу жүргізіп, №92 объектіден табылған сүйектер мен ханның тікелей ұрпақтарының ДНК сәйкестігі 99,355% болған. Сондай-ақ қабірдегі сүйектің бойы - 168-173 см, жасы қайтыс болғанда 55-65 аралығында болғанын, сондай-ақ ат құлағынд аойнағанын, түр-келбетінде ержүрек батырға тән сипаттар мен ханға тән дарқандық болғанын анықтаған. Сөйтіп, бет-келбетін компьютерлік реконструкциялаған және жақ сүйектерін гипспен реконструкциялаған. Оны танымал венгр ғалымы Агнеш Кустар жасаған. Әрине, бұл зерттеу тарихтың заман ағымына сай жұмыс істейтінін дәлелдесе, екіншіден, Әбілқайыр ханның сүйегін дәл анықтау арқылы келер ұрпаққа қазақ тарихындағы көрнекті қайраткер бейнесін қалдыруға үлкен келелі іс болды.

«Алаш айнасы» республикалық газеті.

«Алаш жұрты Әбілқайыр ханымен қауышты» мақаласынан үзінді

9-желтоқсан 2011 жыл.