БҰРШАҚБАЙ тамы-сәулет өнері ескерткіші (1867). Әйтеке би ауд. Қарабұтақ ауылының солтүстік-шығысына қарай 5 км жерде. Ескерткішті бірнеше рет 1987 ж. Қазақстан ҒА-ның тарих, археология және этнология институтының Батыс Қазақстан этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С. И.Әжіғалиев) зерттеген. Кесене 9,50x9,50 шаршы метрлі төртқырлы пирамида тәрізді күмбезді ғимарат. Ішке енетін ойық батыстан оңтүстікке қарай 20 градус қиғаш доғалдана салынған. Бұл бөлік алғашында шағын портал қалқамен безендіріліп, ғимарат бұрыштары мұнараға ұқсастырылып бекітілген. Кесене саман араластырылып саздан құйылған 7-8 х 17-18 х 34-35 см көлеміндегі шикі кірпіштен тұрғызылған. Бөлменің ішінде шикі кірпіштен шығыстан батысқа қарай созылған «сағана» тәрізді баспалдақты қабіртастың қалыңдығы байқалады. Осы бойда батыс қабырғаның сыртына құлыптас қойылған. Қазір солтүстік-шығысқа қарай қисайып кеткен бұл құлыптас көпқатарлы қазақ құлыптастарының сәнді мүсіндік түріне жатады. Бұршақбай тамы XIX ғ. екінші жартысындағы қазақтың тұрғын үй құрылысының белгілері байқалатын және тас қашау өнерінің, эпиграфиканың іздері сақталған ескерткіш.