Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда мешітті Әлден деген ноғай әлім тайпасы құлтас руының қаржысына 1910 жылдар шамасында салған. Құрылыс жұмысының технологиясы жергілікті жердің табиғаты, басқа да талаптар ескеріліп ойластырылған. Белқопа ауылына таяу Белқопа көлінің оңтүстік-батыс бөлігінің топырағынан күйдіріліп, одан құрылысқа қажетті кірпіш дайындалған. Кірпіш ауа райының құбылмалы көріністеріне төзімді болуы үшін оған бұрыннан сыннан өткен әдіспен жылқының сүтін, сондай-ақ қылын қосқан.
Мешіттің тағы бір ерекшелігі — оның ерекше әдіспен жасалған айналма баспалдағы арқылы он бір жарым метр биіктікке дейін көтерілетін мұнарасы болған. Мешіттің алғашқы имамы болып Бұқарада оқып, жоғары діни білім алған Жетпісбай Шегенұлы бекітілген. Мешітте имамдық қызмет еткендердің бірі Ділмағамбет Тілесұлы деген де дерек бар. Мұнаралы мешіт жанында балаларға діни білім беретін медресе жұмыс істепті.
Өкінішке қарай, кеңестік көзқарас мешіт жұмысына қырын қарауы себепті 1936 жылы оны бұзып, кесектерін кеңсе ғимараттарын салуға, басқа да құрылыстарға пайдаланған. Осындай қолайсыз әрекеттерге қарамастан мешіттің мұнарасы кешегі күнге дейін сақталып, бертін келе табиғи тозудан құлады.
Көне мешіттің орны Белқопа ауылынан жеті шақырым жерде кезінде Куйбышев атындағы артель болған мекенде сақталған. Мешіт аумағындағы таспен шегенделіп өрілген суы таза құдық әлі күнге дейін бар.