Жұмыс уақыты: 9:00-18:00 ДС-ЖМ

29 - 31 мамыр аралығында облыстық тарихи – өлкетану музейінің қызметкерлерімен бірлескен Әйтеке би ауданы бойынша кешенді экспедиция жұмыстары жүргізілді.

Экспедицияның  алғашқы  күнінен  бастап  Әйтеке  би  ауданы  Қарабұтақ  селосына  қарасты  Ақкөл  елді  мекеніне  барып  село  әкімі  Қ.Дүйсенбинмен кездесіп,  тарихи  орындар  «Кілемжайған»,  «Ханкелді»,  «Бопай»  жерлерін  аралап,  елді  мекендермен  кеңінен  танысып,  араладық.  Басқұдық  еліне  сапары  барысында  жолда  «Қарабас  әулие»  қорымына  құран  бағыштап,  қорымды  аралап  көрдік.  Қорымның  аумағы  үлкен  және  үлкен  қиыршық   тастармен  қаланған  екен.  Қорымда  қазіргі  үлгідегі төрт  құлақты  тамдар  да кездеседі.  Одан  әрі  Қырыққұдық  мекеніне  соғып,  белгілі  ұста  Соңғыбай  Құмақұлының  шикі  кірпіштен  қаланған  үйін  көрдік  және  үйдің  қабырғалары  ғана  қалған  екен.  Заманында  осы  өңірден  көптеген  ұсталар  шыққан. 

Басқұдық  елінен  ұсталардың  ұрпақтарымен  кездесіп,  олардың  қолынан  шыққан  бұйымдары  мен  ұстаның  көрігі  суретке  түсіріліп  алынды.  Сондай  - ақ  музей  қорына  экспонат  жинау  барысында  шойын  шөген,  иінағаш  алынды.  Жол  сапарымыз  Аққұм  елді  мекенімен  жалғасты.  Осы  жердің  ақсақалы,  өлкетанушы  А.Байниязов  атаймен  кездесіп,  тарихи  орындары  туралы  деректер  алына  отырып,  бейнетаспаға  жазылып  және  фотоға  түсірілді.  Экспонат  жинау  барысында ауыл  тұрғындарымен  кездесу  өткізіліп  қой  қырықтық,  сырмалы  түскиіз,  орақ,  шалғы  және   етік  қалпы  мен  келі - келсап  музей  қорына  сыйға  тартылды.

Жабасақ  елінде  орналасқан  Самырат  мешіті  мен Т.Жүргенов  салдырған  ескі  мектепті  барып  көрдік.   Халықпен  кездесу  барысында  осы  жердің  тарихын,   мешіт  пен  мектептің  салынуы  жөніндегі  деректерін  ауыл  ақсақалдары   Қ.Алтынбаев,  С.Айдаубаев  және  Т.Жұмахметов  т.б  аталар  ойларын  ортаға  салды.  Мұқаш  ұстаның  ұрпағы  Жаппар  ағаймен  кездесіп,  ұста  туралы  әңгімелеп  берді.  Экспедиция  сапары  туралы  «Музей  -  тарихи  жәдігерлердің  мәңгілік  мекені»  атты  мақала  Жаңалық  жаршысы  газетінің (№24(1747)  13  маусым 2013 жыл) жарияланды.